"Қазақ қазақпен  қазақша сөйлессін". Н.Ә.Назарбаев

 

Қазақ тілін үйретудің жаңа методикасы

Аялдар Күнтуған

Қазақ тілін үйретудің жаңа методикалық әдістері керек. Кез келген тілді үйренудің ең басты тетігі – сөз жаттау. Сөзді жаттағанда қалай жаттаймыз? Сөздің ауызекі тілдік мағынасын түсіну қиын емес. Алайда қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі – сөздердің көп мәнді түс алатындығы, синонимдік қатарының молдығы, омонимдік-тұлғалық ұсқастығының көптігі, айту әуезінің ашықтығы, соған қарай бір сөздің кей кездері бірнеше жуық мәндерге ие болатындығы жай сөз жаттаудың ұзаққа апармайтындығын көрсетеді. Сол үшін қазақ тілінің түсіндірмесін кең ауқымда жетілдіру маңызды. Үйренушінің миын ашытпау үшін әрі оңай, әрі қиын бір жол бар, ол батырлар жырын оқыту. Қазақ тілін үйренушіге, әсіресе қазақтардың қазақ тілін үйренуіне негізделген «Қобыланды – жатқа» жобасы осы мақсатты қолға алған. 

Жобаның авторлары әрі жетекші топ – өнер зерттеуші, білікті маман Земфира Ержан, философ, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева және филолог Анар Фазылжанова.

Бұл жобаны әлемде баламасы жоқ бірден бір методикалық үрдіс деуге болады. Тіл үйренушілер «Қобыланды» жырын жаттау арқылы өзінің ана тілін тез меңгеруге ие болады әрі мұндағы сөздердің бәрі күнделіктегі айналыстағы сөздер емес, рухты, байламды, тағылымды әрі мағынасы кең сөздер. Бұл сөздерді үйрену арқылы жырдың эпикалық қуатын, ұлттың батырлық дастанын, бай тарихын, ержүрек баһадүрлердің болмыс-бітімін де бойға дарытады.  Егер, байқасаңыз, қазақта жыр-дастандар көп. Олардың бәрі ауыздан ауызға тарау арқылы бүгінге жеткен. Сондықтан, қазақтың болмысында жырға деген әуестік бар. Жырды жатау ырғақты ұйқас, буырқанған сезім, адуынды қимылмен бірге жүреді. Жырдағы эпикалық тыныс, лирикалық шегініс, трагедиялық көріністер, жер-су аттары, аңыздағы қаһарман бейнесі оқушының санасына әсер етпей қоймайды. Жоба авторларының пікіріне сүйенсек, жасы жер ортасына жеткендердің өзі жоба арқылы тіл үйреніп, рухы бекіп, өзінің тарихының өзі түсінбейтін қырларымен қауышқанын айтыпты. Әрине, жоба тек жасамыстарға емес, жас балаларға да ыңғайлы, бәлкім, өте пайдалы. Себебі, сіз бір жағынан тіл үйренсеңіз, екінші жағынан рухани дамисыз, миыңыздың қатпарында қазақ тарихына махаббат оянады. Бұл махаббат – өшпес нұр. Жырдың рухымен сіңген патриоттық сезім күнделікті саяси ұрандардан әлдеқайда қуатты. Өз тілінің әуезділігін, бай мазмұндылығын, тарихының тереңдігі мен мың қатпалылығын ұғынып, өзінің қазақ боп туғанына мақтана алатын дәргейге жетеді. Себебі, сіз осы жоба аясында 6 мың жолдық жырды жаттайсыз. Бұл алты мың жолда сізге керекті асылдың бәрі бар. Онда неше мың сөздің әу бастағы ылайланбаған нұсқасы, жыршылық дәстүрімен құралған әуезді, әсерлі сөйлемдер, қысқа әрі нақты диалогтар, сондай-ақ, тарихи мәліметтер, салт-дәстүрге байланысты жоралғылар мен атаулар, бізде қолданылмайтын ескі сөздер, олардың беймәлім басқа да мағыналары, соның бәрін сіз ырғақты, әуезді нақышпен жаттап аласыз. Басында қиналсаңызда, бірте-бірте асыл сөздер рухы қаныңызға, сосын жаныңызға сіңе бастайды. Бұған жоба жетекшілерінің көздері де, көңілдері де сенеді. Өйткені, тіл үйренуші топтардың біразы жобаның құндылығын дәлелдеп отыр. Бұрынғы жаттанды методикалардың көбі ескірлді әрі өзінің өнімсіздігін көрсетті. Оған қайырыла берудің уақытты өлтіруден басқа пайдасы жоқ. Жоба жетекшілері нақыт үш артықшылықты атап отыр: біріншіден, жыр-дастанды жатату үйренушінің еске сақтау қабілетін арттырады, алты мың жолдық ұзақ жыр арқылы өзіңіздің жадыңызды бекіте түсесіз. Екіншіден, әдебиет пен өнер адам миының оң жақ қабатын жетілдіреді, бұл деген сөз ғылыми жаңалыққа мүмкіндік ашады, жан-жақты ойлаудың жаңа формасы қалыптасады дегенге саяды.  Үшіншіден, қазақ тілігнің бай мазмұнын сақтауға көмектеседі. Орыс тілді орта түгіл, қазір мектепті қазақша бітіргендердің дені «мылқау» екенін, ауызекі тілден арыға ұзаамйтынын, сөздік қорының тым жұтаңдығын білу қиын емес. Егер бұл жобаны мемлекеттік тұрғыдан қолдасақ, онда тілді үйрету арқылы өзіміздің жаңа сападағы тілдік айналымды қалыптастыруамыз. Жобаның бұдан басқа да көптеген қыры мен сыры бар. Біз жоба авторларының пікірлері мен тәжірибелерінен осыны аңғардық. Өкініштісі, талай уақыттан бері осы жобаны қолдауға ниетті мекемені іздеп, талай есікті қағыпты. Бірақ ешқандай қолдау таппағасын, жуықта өздері қолға алуды жоспарлап отыр. Ал нақты методикасын, үйретудің тәсілін төмендегі шағын пікірден біле аласыздар.

  Земфира ЕРЖАН, жоба жетекшісі, өнертанушы ғалым:

–Бұл жобаның нақты тәсілдері қандай? Оның негізгі өзегі  - жырдың ішіндегі, жырға қатысты барлық  сөздерді, ұғымдарды, құбылыстарды жан-жақты түсіндіру.

Философ, мәдениет зерттеуші Зира Наурызбаева осы бағытта  істеген ғылыми жұмысының мәні аса зор. Ескерте кетейін - Зира ханымның қысқа мерзімде және волонтер ретінде «Қобыланды батыр» жырына дайындап берген түсініктемелері  қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа, жоғары деңгейге көтеріп отыр десек, артық болмас.

Біздің  Зира ханыммен бірігіп дайындаған әдістемеміз де бар. Демек,  «Қобыланды» - жатқа» жобасына келіп өзінің қазақшасын жақсартамын дегендердің  қолында әр сөзді, оның әр жақтылы мағынасын (филология, тарих, этнография тұрғысынан) түсіндіретін кітапшасы бар. Жырды жаттаған кезде оның ырғағы,  әрине, сөздердің еске сақталуына көмегі тиетіні белгілі. Бірақ,  біздің жоба   тілді негізінен сөз арқылы үйретеді.

Тіл үйрену жолында оның өзіне тән контексті өте маңызды. Жыр жолдарын жаттауға қоса жобаға қатысушыларға домбыра үйрену, атқа шабу мүмкіндігін беруді де жоспарлап отырмыз. Алдымызға қойған мақсаттарымыздың бірі - осы жоба бойынша теледидарда ұлттық реалити-шоу дайындау. Алайда оған құлшыныс танытып, бұл жобаны кеңірек дәріптеуге атсалысып отырған бірде-бір телеарна жоқ. Бұл, өкінішті, әрине.

Біздің басты міндетіміз – кәсіби білімімізді  жобаның игілігіне жұмсау.  Қалғаны -қатысушылардың талабына байланысты. Жалпы тіл үйрену адамның төзімділігін, алғырлығын талап етеді. Жырдың бастауыш үш жүз жолына арналған тренингте   орыстілді қазақтар мен басқа ұлттардың өкілдері жоба тәсілдерінің нәтижесі бар екенін дәлелдеді. Мысалы менің өзім, жырдың тілімен танысып, оны орысшаға аударып, жаттап, қажетті түсініктемелерді жазғаннан кейін мақалаларымды өз тілімде жазуды үйрене бастадым.

Бұл ой маған бала кезімде суреттерін сүйсініп қараған «Батырлар жыры» кітабын қайта көрген кезімде түсті. Қазақ тілін арнайы шағын жоба ретінде, ән арқылы да үйретуге болады. Қазақ тілінің жанашырлары көбеюі үшін  оның әсемдігін, ерекшелігін, күшін, шексіз мүмкіндіктерін кәсіби деңгейде көрсету қажет.

Осы жобаны каржыландыру жолында төрт жылдың арасында біздің қақпаған есігіміз жоқ, министрліктерден тартып, партияларға дейін бардық. Уақыт зымырап өтіп бара жатыр. Енді жобаны нартәуекел деп, өзіміз қолға алсақ деп отырмыз. Осы көктемде ақылы түрде екі айлық курс ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Ал осы қызықты мәдени әрекет туралы фильм түсіруді қолға алмақшы едік, қазірше қаржы жоқ болып тұр. Бірақ, бұл  мәселенің да бір шешімі табылар деген үмітіміз үзілген емес. Наурыз айында жобаға арналған «Киелі Жетісу» атты сайт ашылады, сонда барлық жобаға қатысты мәліметтер еңгізіледі.

"Айтыс-ақпарат", http://www.kazaitys.kz/kz/article/view?id=292

Городская среда

Новые публикации на сайте

Сайт Зиры Наурзбаевой Отукен

Институт языкознания

Статистика посещений

2008376
Сегодня
Вся статистика
315
2008376

Счетчик joomla
| Joomla